"Жұмыстан сұранып, белгісіз бағытқа кеткен": Алматыда 4 күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды

"Жұмыстан сұранып, белгісіз бағытқа кеткен": Алматыда 4 күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды

Алматыда 19 мамыр күні жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 25 жастағы жігіттің мәйіті табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Туыстарының айтуынша, Ерзат Егізбай құрылыс нысанында геодезистің көмекшісі болып жұмыс істеген. Ол із-түссіз жоғалар күні әдеттегідей жұмысқа кеткен, алайда үйіне қайта оралмаған. Түскі сағат екі шамасында ол басшысынан дүкенге барып келуге сұранып, шығып кеткен екен. Кейін Ерзат автобусқа отырып, Еңбекшіқазақ ауданындағы Космос ауылына қарай бет алған. Оның ұялы телефоны соңғы рет дәл сол маңда тіркелген. 

Жоғалған жігіттің анасы бейнебақылау камераларына Ерзаттың Райымбек даңғылындағы метро станциясынан түсіп, кейін көшенің арғы бетіне шыққаны түсіп қалғанын айтты. Кадрларда оның жан-жағына қарап, біреуді іздегендей болғаны байқалады. Осыдан кейін ол автобусқа мініп кетіп қалған.

Туыстарының айтуынша, Ерзат бұған дейін үйден ескертусіз кетпеген. Олардың сөзінше, оның жұмыста да, отбасында да ешқандай жанжал болмаған. Сонымен қатар еш жерде есепте тұрмаған және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Марқұмды құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен екі ірі еріктілер ұйымы іздестірген.

Еріктілер ұйымдарының бірі әлеуметтік желіде жігіттің қаза тапқаны туралы хабарлады.

«Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Бұл ауыр қасіретті еңсеруге күш пен сабыр тілейміз. Өкінішке қарай, іздеу жұмыстары қаралы хабармен аяқталды», - делінген хабарламада.