Омбы облысында «Форточник» деген лақап атпен танылған күдікті 12 жылдан кейін қолға түсті. Тергеушілердің мәліметінше, ол бірнеше жыл бойы әйелдерге шабуыл жасап, пәтерлерге терезе арқылы кірген. Ұзақ уақыт бойы бой тасалаған ер адам Қазақстанда жүрген деген болжам айтылып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Күдіктіге қатысты алғашқы қылмыстық іс 2010 жылы зорлау дерегі бойынша қозғалған. Кейін оның тағы бірнеше ауыр қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені анықталған. Маньяк құрбандарының үйлеріне көбіне терезе арқылы кіргендіктен, оған «Форточник» деген лақап ат берілген.
Тергеу мәліметінше, 2012 жылы болған соңғы зорлау оқиғасынан кейін күдіктінің ізі жоғалған. Құқық қорғау органдары оның Қазақстанға кетіп қалғанын болжайды. Кейін ұсталған азаматтың өзі Қазақстанда ұрлық жасағаны үшін сотталып, алты жыл түрмеде отырғанын айтқан.
Омбы облыстық полициясының хабарлауынша, жазасын өтеп шыққаннан кейін ер адам Ресейге қайта оралған. Алайда туған жеріне келген соң тағы да ұрлық жасап, қылмыс орнында өзіне тиесілі із қалдырған. Криминалистер сол айғақтар арқылы ДНҚ сараптамасын жүргізіп, генотиптің бұрын іздеуде жүрген күдіктімен сәйкес келетінін анықтаған.
Қазір күдікті қамауда отыр. Тергеушілер оның Омбы облысында жасалған кемінде сегіз зорлау дерегіне қатысы болуы мүмкін екенін айтып отыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.