Коллаж: Ult.kz
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Шымкентте болған екі резонансты оқиғаға — Нұрайдың өлімі және 17 жастағы қызды алып қашу оқиғасына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутаттың сөзінше "некеге тұруға мәжбүрлеу туралы" жаңа бап қыркүйек айында күшіне енген. Заң бойынша ұрлаушы күш қолданып, қандай да бір жарақат салса 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар қыз ұрлауға қатысы бар барлық адам өз жазасын алуы тиіс деп отыр ол.
"Босағаға жатқан, үгіттегендер де жауапкершілікке тартылуы керек. Бұл қыз зорлаумен аяқталған болса, ол тіпті қылмысқа сыбайластық. Ол әжелерді сотқа тарту керек. Әлі күнге дейін неге олар қамауға алынбай жатқанын түсінбеймін. Бұл — топтық қылмыс, оған 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, әрі қатысушылардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет", — деген Әбенов бұл қылмысқа тосқауыл болмаған адамдарды да жауапкершілікке тарту қажет екенін айтты.
Мұрат Әбеновтың айтуынша қазіргі уақытта жыныстық зорлық-зомбылықтың жазасы қыз алып қашу ісіне қарағанда жеңілірек, сондықтан депутат өз тарапынан осы заңды қатайту бойынша бастама көтеретінін жеткізді.
"Қыз алып қашуға — 10 жылға дейін жаза қарастырылған, ал жыныстық зорлық-зомбылық ісіне — 3 жылдан 8 жылға дейін. Бұл — үлкен олқылық. Мен жауапкершілікті күшейту бастамасын көтеруге дайынмын. Зорлау — ең ауыр қылмыстардың бірі. Мен бұл мәселені Парламенттегі әріптестеріммен талықылауға шығарып, Қылмыстық заңнаманы өзгертуге күш саламын", — деді ол.
Еске сала кетейік, Шымкентте кәмелетке толмаған қызды бейтаныс ер адам әйелдікке алып қашып кеткен. Үйіне әкелген соң, отбасындағы егде жастағы әйелдер ұялы телефонын тартып алып, өз еркімен келгені туралы қолхат жазғызуға тырысқан. Қыздың айтуынша, алып қашқан ер адам оны жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Артынша ол қан болған сейсепті алып кетіп, басқа бөлмеде отырған жеңгелерінен сүйінші сұрап, тойлатып кеткен.Өз сөзінде қыз құзырлы органдар ештеңе істемегенін, ешкімнің жауапқа тартылмағанын айтып, шағымданды.
Оқи отырыңыз: Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашып зорлаған: полиция іс қозғады
Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты тоқталған депутат сталкинг және кәмелет жасына толмағандарға тиісу жағдайлары жиі назардан тыс қалып қоятынын айтып отыр. Оның айтуынша әлеуметтік желілердегі қудалау — қылмыстың алғашқы сатысы. Кейін сталкинг, яғни жүйелі түрде аңду және қудалау әрекеттері болады. Шымкентте сталкинг дерегі тіркелгенімен, бұл бойынша ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Ол маңызды уақыт жоғалтылды деп есептейді.
"Қызды құтқаруға болар еді. Нұрайды қатты аяймын. Ата-анасы бірнеше рет құқық қорғау органдарына жүгінген, бірақ Шымкент полициясы өз уақытында шара қолданбаған", — деп қынжылды Мұрат Әбенов.
Ол сондай-ақ сталкингке қатысты жаңа заңның қыркүйек айында күшіне енгенін, бірақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысында түсіндіру және алдын алу жұмыстары іс жүзінде жүргізілмей отырғанын жеткізді.
"Менде олар осы түсініксіз дәстүрлерді іштей қолдайтындай әсер қалыптасып отыр", — деді Әбенов.
Есте болса, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтарда пышақ жарақатынан қаза тапты. Ол 2024 жылы танысқан 28 жастағы Шерхан Аймаханның сталкингіне тап болып, оған тұрмысқа шығудан бас тартқаннан кейін бірнеше рет аңдылып, телефон мен әлеуметтік желілер арқылы қысымға ұшырағаны айтылды. Қыз полицияға арыз бергенімен, органдар тиісті шара қолданбаған, соңында ол көп қабатты үйдің алдында пышақ жарақатынан қаза болды.
Оқи отырыңыз: Абзал Құспан: «Нұрай өз құқығын білген жоқ»
