Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова өмірден өткен анасына деген сағынышын білдіріп, әлеуметтік желідегі оқырмандарымен жүрекжарды жазбасын бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі Instagram парақшасында марқұм анасының бейнесі қолданылған әсерлі видео жариялады. Бейнежазбада Гүлзира Айдарбекова аспанға қарап отырған сәтте анасы қасында тұрғандай бейнеленген. Ол қызына мейіріммен көз тастап, басынан сипап тұрғандай әсер қалдырады.
Продюсер жазбасында анасының орнын ешкім баса алмайтынын жеткізіп, оның перзенті болып дүниеге келгеніне шүкіршілік етті.
“Анашым, жаннатым! Жанымда жүрмесеңіз де, жүрегімдесіз! Сіздің қызыңыз болғаным үшін Аллаға сансыз шүкір айтамын. Тағы да өмірге қайта келер болсам, өзгені емес, шыншыл, жігерлі, мейірімді, еңбекқор тура өзіңізді еш ойланбастан қайта таңдар едім”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова жұма күні дүниеден өткен жақындарын дұғамен еске алды. Ол ата-анасы мен ата-әжесіне, өмірден озған бауырларына Алладан рақым тілеп, олардың жаны жәннатта болуын сұрады.
Өнер иесі анасының бейнесін видео арқылы қайта жаңғыртқан парақша иесіне де ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бейнежазба дәл анасын сағынып, ойға шомып отырған сәтінде алдынан шыққан.
“Анашымның көз алдымдағы мәңгілік елесін тура жасағаныңыз үшін рақмет! Анашымды ойлағаным сол, жұма күні тура алдымнан жасаған видеоңыз шыға келді. Бұл да болса Алланың қалауымен шығар, бәлкім, мені іштей қиналып жүр деп есіне алған болар жан анам”, – деді продюсер.
Гүлзира Айдарбекова анасының бойындағы адалдықты, қайсарлықты, еңбекқорлық пен мейірімді ерекше бағалайтынын жеткізді. Жақынынан айырылғанына қарамастан, оның жарқын бейнесі жүрегінде мәңгі сақталатынын білдірді.
Продюсердің бұл жазбасы ананың орны мен перзенттік сағыныштың қаншалықты терең екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Гүлзира Айдарбекова кім?
Гүлзира Айдарбекова – қазақстандық продюсер, кәсіпкер және танымал әнші Қайрат Нұртастың анасы. Ол 1968 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Балалық шағы қазіргі Түркістан облысындағы Шорнақ ауылында өткен. Гүлзира отбасындағы сегіз баланың жетіншісі болып өскен. Жас кезінде отбасына көмектесу үшін еңбек етіп, газет таратумен айналысқан. Оның жұбайы – Нұртас Айдарбеков. Ерлі-зайыптылар Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірген. Гүлзира Айдарбекова көпшілікке ұлы Қайрат Нұртастың продюсері ретінде кеңінен танылды. Ол әншінің шығармашылық жолының қалыптасуына және үлкен сахнаға шығуына елеулі үлес қосты. 2008 жылы Қайрат Нұртаспен бірге Kairat Nurtas Production продюсерлік орталығын құрды. Продюсер әншінің концерттерін ұйымдастырып, шығармашылығын насихаттаумен айналысты. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында да өзін танытты.
Гүлзира Айдарбекова кино саласына да араласып, “Арман” фильмінің продюсерлерінің бірі болды. 2025 жылы ол Қайрат Нұртастың продюсерлік қызметінен кетіп, шығармашылық тізгінді ұлының өзіне тапсырғанын мәлімдеді. Дегенмен әншінің өнер жолын сырттай бақылап, қажет кезде ақыл-кеңесін беріп отыратынын жеткізді.