Фото: Brod.kz
Әнші, Димаш Құдайбергеновтың әкесі Қанат Айтбаев еліміздің киноиндустриясына мемлекет тарапынан бақылау жетіспейді деп есептейді. Өнер иесі өз пікірін Facebook парақшасында жазды.
"Елімізде кейінгі кезде жарыққа шыққан кейбір фильмдерді көріп түсінгенім - кино түсіру саласын мемлекет тарапынан лицензиялап, әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату қажет", - деп жазды Қанат Айтбаев.
Айтуынша, көптеген "фильмдерде" мән, мағына, тәрбие, әдеби тіл дегендер атымен жоқ.
"Режиссерлер" өз өресінің деңгейіндегі - боқтығы араласқан шұбар тілді дүниелерін көрерменге еш кедергісіз ұсынып жатыр. Өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтан сусындап, рухани өркендеудің орнына, азғындыққа жетелейтін не болса, соны көріп жүр", - деп налыды әнші.
Әнші лас нәрсені күнде көрген адамның жан дүниесі кірлеп, сұлулыққа сүйсіну, әдемілікке, ізгілікке ұмтылу деген қасиеттерден жұрдай бола бастай ма деп үрейленетінін жеткізді
"Қоғамда жан дүниесі кірлеген адамдар көбейсе не болатынын бағамдай беріңіз...", - деп түйіндеді ол.