28 сәу, 2021 сағат 08:27

Бокстан Сербия турнирі аяқталды: Қазақстандықтар еншісінде - 7 медаль


Сербияның Белград қаласында бокстан халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды Olympic.kz сайты.

Қазақстан құрамасы «Belgrade Winner» халықаралық бәсекесін екі алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен аяқтады.

Атап айтқанда, 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов ел қоржынына алғашқы «алтынды» салды.

Ал Ертуған Зейнуллинов жарыста қарсылас шақ келтірмей, 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. 

81 келіде Нұрбек Оралбай мен 91 келіде сынға түскен Василий Левит күміспен күптелді. 

Тағы үш боксшымыз: Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Райыс Нұрқанат (75 кг) және Нұрлан Сапарбай (+91 кг) қоржынды үш қола медальмен толықтырды.