Фото: ашық дереккөз
Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Парижде өтіп жатқан Олимпиада туралы пікір білдірді. Келесі Олимпиадада жақсы нәтижеге жету үшін, оның ойынша, спортшылар дайындықты биылғы күзден бастауы керек.
"Олимпиада аяқталған соң, әлбетте, анализ жасалады. Бапкерлердің қателері, спортшылардың кемшіліктері, әлсіз жерлері, күшейте алатын жерлері деген сияқты. 2028 жылы өтетін Лос-Анджелестегі Олимпиадаға дайындық биылғы күзден басталу керек деп ойлаймын. Спорт саласында бір көзге көрінбейтін проблема бар сияқты сезіледі. Біреулер дін мәселесіне сілтейді, біреулер коррупция дейді. Білмеймін. Маман емеспін. Жанкүйермін. Білетінім, Лос-Анджелесте минимум 3 алтын алуымыз керек. Бұл МИНИМУМ", - деп жазды ол.
Ол биылғы Олимпиадада қоғам күтпеген спорт түрлері нәтиже беріп жатқанына тоқталды. Бокс пен күреске акцент қоя беретін заман кеткен сияқты, деп есептейді ол.
"Таланттарды әр спорттан іздеуміз керек. Гимнастика, Мылтық ату, бадминтон, қайық, тауға шығу, зілтемір тастау сияқты спорт түрлері жетім баланың күйін кешуде. Қолдау жетіспейді", - деп атап өтті Самат Нұртаза.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттің қолдауы мен нәтижелер сәйкес емес. Мемлекет қаражатты бөліп жатыр, спорт кешендерін салып жатыр. Әлі де салады.
"Қазақстан халқы - дарынды халық. Сол дарындарды іздеп, тауып, жөнге салып баптау - спорт саласының атқамінер ағаларымыздың құзырында. Жақсылыққа сенейік. Басқа айтар сөз жоқ. Сол баяғы үміт", - деп қорытындылады Нұртаза.