Өткен аптада бұрынғы күйеуі ұрып-соққан әйел оқиғаның мән жайын баяндады. Өз кезегінде бұрынғы күйеуі де бейне үндеу жолдады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Еске сала кетейік, өткен аптада әлеуметтік желілерде Алматыда әйелді аяусыз ұрып-соққаны бейнеленген видео пайда болды.
Белгілі болғандай, әйелдің есімі Салтанат. Ол 11 жылдық некеден кейін ажырасуды ұйғарған.
«Мен 11 жыл абьюзермен некеде болдым, біздің төрт баламыз бар. Осы жыл аралығында ол мені рухани да, физикалық тұрғыда да қинап келді. Кейінгі жылы онымен бірге өмір сүру қиындап кетті. Ұру мен қорлау жиілеп, тіпті қатаңдап кетті. Мен бұл адамнан қорқамын. Бұл адам бұрынғы полиция қызметкері және заңгер, оның таныстары көп, бәрін бір қоңыраумен шешеді және кімді болсын «сатып аламын» деп ойлайды. Сондықтан осы ісі үшін ол лайық жазасын алуы керек», - деп жазды әйел.
Бұрынғы күйеуі оны жайына қалдыра ма деген үмітпен Салтанат Алматыға көшіп кеткен. Алайда, айтуынша, ол ара-тұра келіп тұрады және қайта қосылуға үгіттеп жүрген.
«Сол күні ол маған келіп, оған қайтып оралуымды сұрады, бірақ мен келіспеген соң ол ашуланып, ұялы телефонымды жерге ұрып шағып тастады. Телефонымды қоқыс жәшігінен алып жатқанымда ол маған қатты соққы жасады. Соққы алғаннан кейін ұзақ уақыт есімді жия алмай жаттым. Осыдан кейін 102 шақырып, үстінен арыз жаздым. Бірақ 8 күн ішінде құқық қорғау органдарынан еш әрекет көрмедім. Осы видео желіге таралғаннан кейін олар іске қосылды. Менің басым жарақаттанды және бас ми жұмсақ тіндерінің жарақаты болды. Бірақ іс қозғалуы үшін бір жерім көгеруі керек екен немесе бір жерім сынуы керек екен», - деп жазды ол.
Өз кезегінде Салтанаттың бұрынғы күйеуі Ким Александр бейне үндеу жолдады. Ол кешірім сұрап, жағдайдың қалай болғанын өз тарапынан түсіндірді. Ер адамның айтуынша отбасылық жұп әрбір жұп сияқты ұрысып, татуласып отырған. Бұған дейін де жанжалдасып, бір-бірінін заттарын лақтырып, сындырған.
«3 сәуір 2024 жылы мен Алматыға Салтанатқа бардым. Біз кезекті рет отбасымызды сақтап қалмақ болдық. Ол мені күтті және жолда абай болуымды сұрады. Келген соң біз кездестік, бәрі жақсы болатын. Үйге кіреберісте мен оның телефонын сұрадым, оның және балалардың суреттерін көрмекші болдым. Сол кезде оның бір жігітпен түскен суретін көрдім. Мен қатты ашуланып кеттім. Оның қызғандым. Сөйтіп телефонын жерге шақтым», - деді ол.
Александрдың айтуынша, ол оны ұрмаған, жай ғана қолын сермеп қалып, итеріп жіберген.
Алматы полициясы осы дерек бойынша тексеріс жүргізілгенін айтты. Жиналған материалдар сотқа жіберілді.