Әнші Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының «MILFA» әніне түсірілген бейнебаяны әлеуметтік желіде дау тудырды. Клиптегі қазақ тілі мұғалімінің бейнесі көпшіліктің наразылығын тудырған, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнебаянда Дильназ Ахмадиева қазақ тілі пәнінің мұғалімі бейнесінде көрінеді. Клиптегі «Қайдағы мен тәте? Тәте деген – қате, ең болмаса милфа де» деген сөз желі қолданушыларының сынына ұшырады.
Кейбір қолданушылар мұғалім бейнесін сексуализациялау ұстаз мамандығына құрметсіздік деп бағалады. Сондай-ақ бейнебаян Алматыдағы колледждердің бірінде түсірілгендіктен, оқу орнына қатысты тексеру жүргізуді талап еткендер де болды.
«Азия» тобы кешірім сұрады
«Азия» тобының мүшесі Ринат Басит бейнебаянға қатысты пікір білдіріп, кешірім сұраған. Оның айтуынша, туындының мақсаты шығармашылық идеяны жеткізу болған, ұстаздарды қорлау көзделмеген.
Ал Дильназ Ахмадиева бейнебаян пародия ретінде түсірілген деп, кешірім сұрауға еш негіз жоқ деген пікірде.
«Мен ешкімнің алдында кешірім сұрамаймын. Бір рет бірдеңе жасап едік, осындай дау туындап жатыр. Айыппұл салса, жақсы, төлеп беремін. Бірақ кешірім сұрамаймын», - деп жауап берген Дильназ Ахмадиева.