Спортшы Мөлдір Жаңбырбайдың келіні мен жиенін мас жүргізуші қағып кеткен: бес айлық сәби көз жұмды

Спортшы Мөлдір Жаңбырбайдың келіні мен жиенін мас жүргізуші қағып кеткен: бес айлық сәби көз жұмды
ашық дереккөз

Қызылордада каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың туған келіні мен бес айлық жиені жол апатына ұшырады. Сәби ауруханада көз жұмған, ал анасы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Спортшының айтуынша, оқиға кезінде келіні Наргиз бес айлық ұлымен бірге жол жиегімен келе жатқан. Ол жерде тротуар болмаған. Осы кезде қарсы жолаққа шығып кеткен көлік анасы мен баланы қағып кеткен.

Мөлдір Жаңбырбайдың сөзінше, соққыдан анасы мен баласы бірнеше метрге ұшып кеткен. Сәби асфальтқа, ал анасы арыққа құлаған. Баланың басынан ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болғаны айтылады.

Қазір Наргиз жансақтау бөлімінде жатыр. Спортшының айтуынша, келіні ауыр жағдайда болғандықтан, оған ота жасау әзірге мүмкін болмай отыр. Ол баласының қайтыс болғанынан әлі хабарсыз.

Оқиғадан кейін жүргізуші көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен. Мөлдір Жаңбырбайдың мәліметінше, көліктен бірнеше сыра бөтелкесі табылған. Алайда бұл ақпаратқа қатысты ресми растау әзірге келтірілмеген.

Спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында күдіктінің бұрын да адам қаққанын және оның әкесі құқық қорғау органдарында қызмет еткенін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта жүргізушінің ұсталғаны туралы ақпарат жоқ. Оқиғаның мән-жайы мен күдіктіні іздеу барысына қатысты полицияның ресми мәліметі қажет.