Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының консулы жеңіл жарақат алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
«Елшілік қызметкерлері жұмыс уақыты аяқталған соң үйлеріне қайтып кеткен. Жұмыста қалған консул жарылыс толқынынан аздап жарақаттанды. СІМ жергілікті билікпен байланысып отыр. Ливанда жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты ақпараттарды тексеріп жатыр», - делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, Ливандағы жарылыс салдарынан Қазақстанның дипломатиялық миссиясы ғимаратына зиян келді.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болған. Жақын маңда орналасқан үйлердің, сондай-ақ эпицентрден бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылған.