Алматыда 69 жасында белгілі театр режиссері, драматург, қоғам қайраткері Болат Атабаев дүниеден озды. Бұл туралы белсенділер мен құқық қорғаушылар хабарлады. Ақпаратты Мәдениет және спорт министрлігі де растады. Атабаев 28 шілде күні ауруханада көз жұмған. Бірер күн бұрын режиссердің Алматы ауруханасының жан сақтау бөліміне түскені хабарланған еді.
Қаралы хабарды елге естірткендер арасында Мүсірепов атындағы драма театрдың директоры Азамат Сатыбалды да бар.
"Қош болыңыз, кемеңгер режиссер. Қош болыңыз, ұлағатты ұстаз. Қош болыңыз, елін сүйген асыл ер. Қош болыңыз Болат аға. Жаныңыз жәннаттық болсын. Болат Атабаев мәңгі мекеніне аттанды. Алла алдынан жарылқасын", - деп жазды ол Instagram-парақшасында.
Режиссер былтыр Германияда ауыр операцияны бастан кешірген. Оның Қазақстанға оралғанына көп болмаған.
Болат Манашұлы Атабаев 1952 жылы Талдықорған облысындағы Тентек ауылында туған.
Неміс драма театрының және Әуезов атындағы қазақ драма театрының бас режиссері қызметін атқарды. "Ақсарай" театрының жетекшісі болды.
Ол өзінің алғашқы режиссерлік жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Неміс драма театрында спектакль қоюдан бастаған. 1990 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысып, Б.Римованың «Қос мұнлық», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», И.Оразбаевтың «Шыңғыс хан», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан», Р.Мұқанованың «Қаралы сұлу», т.б. пьесаларына спектакльдер қойды.
2012 жылы Германия мен Қазақстан қарым-қатынасының дамуына қосқан үлесі үшін Гете медалімен марапатталды.
2011 жылы батыстағы бас көтерген жұмысшыларға қолдау көрсетті.
Болат Атабаев пен марқұм әнші Мадина Ералиеваның артында ұлы Арсен Ералы қалды.
