«Талапшыл әйелдің күйеуі көп ақша табады»: Айгүл Иманбаева елді екіге бөлді

«Талапшыл әйелдің күйеуі көп ақша табады»: Айгүл Иманбаева елді екіге бөлді
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева отбасындағы әйелдің талапшылдығы мен ер адамның табысы арасында байланыс бар екенін айтып, көпшіліктің талқысына түсті. Өнер иесінің пікірін бірі қолдаса, енді бірі мұндай көзқараспен келіспейтінін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Айгүл Иманбаева өзінің Instagram парақшасында әйел адамның күйеуіне деген қарым-қатынасы оның табыс табуға деген ынтасына әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Әншінің сөзінше, кейбір әйелдер жұбайына салмақ салмауды ойлап, өз қалауын кейінге ысырып қояды. Тіпті күйеуі сыйлық әкелсе де, оған ақша жұмсағанын артық көріп, отбасының басқа қажеттіліктерін алға тартады.

«Күйеуін аяп, ешқандай талап қоймай, әкелген бір тал гүліне риза болып, "Оны неге алдың? Одан да азық-түлік алмадың ба? Өзіңе жұмсамадың ба?" деп жақсы көрініп, жақсы атанып отыратын қыздардың, келіншектердің күйеулері тура сондай ғана мөлшерде тиын-тебен табады», – деді ол.

Ал өз қалауын жасырмай, күйеуінен қалаған дүниесін сұрайтын әйелдердің жұбайлары көбірек табыс табуға ұмтылады деп есептейді. Өнер иесі мұндай жағдайларды өмірде жиі байқайтынын айтып, талапшыл әйел ер адамның алға ұмтылуына түрткі болуы мүмкін деген ойын жеткізді.

«Ал егер келіншегі талапшыл болса, орыстар "стерва" деп айтады ғой, күйеуінен "Мен мына нәрсені алғым келеді, мынаны кигім келеді, мына жерге барғым келеді, маған осынша ақша керек" деп талап ететін болса, дәл сондай келіншектердің күйеулері өте табысты болады және көп ақша табады екен. Шынымен де, мен оны өзім байқаймын», – деді әнші.

Айгүл Иманбаева қазақ әйелдерінің арасында күйеуіне материалдық талап қоюды ыңғайсыз көретіндер бар екенін де сөз етті. Оның айтуынша, кейбір келіншектер жұбайы өзін дүниеқоңыз деп ойлап қалмасын деген ниетпен өз қажеттілігін айтудан тартынады.

Әнші әйел адам үнемі өзін шектеп, барлығына көндіге бермеуі керек деген пікірде. Ол қымбат сыйлық алғысы келетінін немесе саяхатқа шыққысы келетінін ашық жеткізудің еш әбестігі жоқ деп санайды.

«Керісінше, "Мен мынаны алғым келеді, бриллиант таққым келеді, бір жаққа қыдырғым келеді, әпер" деп сұрап, талап етіп отыратын болса, ер азаматтың энергиясы көтеріліп, соншалықты табыс табады екен. Күшті инсайт болсын деп айтып отырмын», – деді өнер иесі.

«Талап қойғаннан ақша көбейіп кетпейді»: желі қолданушылары не дейді?

Әншінің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Бірқатар оқырман әйелдің өз қалауын ашық айтуы дұрыс екенін қолдаса, өзгелері ер адамның табысын әйелінің талабымен байланыстыруға болмайтынын алға тартты.

Қарсы пікір білдіргендердің айтуынша, адамның қанша табыс табатыны оның еңбегіне, кәсібіне, мүмкіндігі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан жұбайынан қымбат сыйлық талап ету оның қаржылық жағдайын бірден жақсартпайды. Кейбір желі қолданушылары қанша талап қойса да, өзгергісі келмейтін адам өзгермейтінін айтып, әншінің тұжырымымен келіспеген.

Ал Айгүл Иманбаеваның сөзін құптағандар әйелдің өз қажеттілігін жасырып, үнемі күйеуінің жағдайын ғана ойлауы дұрыс емес деп есептейді. Олардың пікірінше, ерлі-зайыптылардың бір-бірінен не күтетінін ашық айтуы отбасындағы түсіністікті арттыруы мүмкін.

Дегенмен кейбір оқырман шамадан тыс талап қою ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілікке ұласуы мүмкін екенін ескерткен.

Осылайша әншінің бір ауыз пікірі қоғамда әйелдің отбасындағы орны, ер адамның жауапкершілігі және қаржылық мәселелер туралы талқылауға ұласты.

Айгүл Иманбаева кім?

Айгүл Серікқұлқызы Иманбаева – қазақстандық танымал әнші, актриса, тележүргізуші әрі продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Кенен ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып, мектеп қабырғасында жүргенде баян аспабын меңгерген. 1994 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, 1998 жылы тәмамдаған.

Еңбек жолын Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжінде оқытушы болып бастаған. Кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса ретінде еңбек етті. Театр сахнасында "Қыз Жібек", "Алма бағы", "Желтоқсан желі" және басқа да қойылымдарда түрлі кейіпкерлерді сомдады. 2001 жылы "Хабар" телеарнасындағы "Ұят болмасын" бағдарламасы арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Әншілік жолында да табысқа жетіп, 2004 жылы халықаралық "Азия дауысы" байқауының "Қазақ әндері" аталымы бойынша бас жүлдеге ие болды.

2006 жылы өнердегі жетістіктері үшін "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды. Сол жылы "Таңғы елес" атты алғашқы жеке есеп беру концертін өткізді. 2011 жылы өзінің "А.И." драма театрын ашып, шығармашылық жұмысын жаңа бағытта жалғастырды. 2015 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. Өнер иесі театр мен эстрададан бөлек, кино саласында да еңбек етіп, бірнеше фильмге түскен. Бүгінде Айгүл Иманбаева әншілік, актерлік және продюсерлік қызметімен қатар, әлеуметтік желідегі пікірлері арқылы да көпшіліктің назарында жүр.