09 шіл, 2025 сағат 09:30

Бас прокуратура: Банк картасын бөгде адамға бергендер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: Pexels.com

Қазақстанда өзінің банк картасын, шотын немесе дербес деректерін үшінші тұлғаларға пайдалануға бергендерге қатаң жауапкершілік қарастырылмақ. Бас прокуратура мұндай әрекеттер интернет-алаяқтық пен есірткі айналымына жол ашатынын ескертіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде 50 мыңнан астам қазақстандық заңсыз онлайн әрекеттерге тартылған. Тергеу барысында қылмыстық схемаларға көмектескен 6 мыңнан астам дроппердің (қаржылық делдал) жеке басы анықталған.

Қазір Парламент Сенатында қаралып жатқан заң жобасында Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізіледі. Ол бойынша өзінің төлем құралдарын бөтен біреуге заңсыз әрі сыйақы алу мақсатында берген азаматтарға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Дроппер болудың салдары:

  • Банк шоттарының бұғатталуы;

  • Қаржылық қызметке тыйым салу;

  • Қылмыстық жауапкершілікке тартылу.

Бұл талаптар шетел азаматтарына да қатысты — егер олар өз шоттарын Қазақстандағы заңсыз әрекеттер үшін пайдалануға берсе, дәл сол жауапкершілік қаралады.

Алайда, егер адам мұндай схемаға тартылғанын түсініп, өз еркімен уәкілетті органдарға хабарласа және тергеуге көмек берсе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Бас прокуратура азаматтарды алаяқтардың құралына айналмауға, ал бұрын картасын бергендерге – банкке жүгініп, шоттарын бұғаттауға кеңес береді.