15 қазанда Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысында жаңбыр мен қар жауып, кей жерде жауын-шашын күшейеді. Шығыста көктайғақ болып, елдің бірқатар өңірінде жел күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі, деп хабарлайды ult.kz.
Астанада күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Желдің жылдамдығы 5–10 м/с. Ауа температурасы түнде 2–4 градус аяз, күндіз 7–9 градус жылы болады. Алматыда кей уақытта жаңбыр жауады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 3–8 м/с, күндіз екпіні 13 м/с-қа жетеді. Түнде 7–9, күндіз 16–18 градус жылы күтіледі. Шымкентте жауын-шашын болмайды. Жел 8–13 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде 8–10, күндіз 24–26 градус жылы болады.
Ақмола облысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Батысында, солтүстігінде және шығысында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан 9–14 м/с жел соғады. Түнде 1–6, облыстың батысы мен солтүстігінде 9 градусқа дейін аяз болады. Күндіз 4–9, батысында 12 градус жылы күтіледі. Алматы облысының оңтүстігінде жаңбыр, кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Таулы аудандарда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күшейеді. Түнде 5–10 градус жылы, тауда 2 градус аяздан 3 градус жылыға дейін болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде жаңбыр мен қар жауып, кей уақытта жауын-шашын күшейеді. Шығысы мен таулы аудандарында тұман, көктайғақ күтіледі. Жел 9–14 м/с, батысында, шығысында және оңтүстігінде 15–20 м/с, екпіні 25 м/с-қа жетеді. Түнде 1–6 градус аяз, оңтүстігінде 2 градус жылы болады. Күндіз 3–8 градус жылы, шығысы мен таулы аудандарында 2 градус аяз күтіледі.