Астанада маркетплейстің тапсырыс беру пунктінде жұмыс істеген 19 жастағы бойжеткен 14,9 млн теңгеден астам сомаға тауар ұрлағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы елорда прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, бойжеткен алтын бұйымдар, киім-кешек пен азық-түлікке тапсырыс беріп, тауарларды алғаннан кейін оларды иемденіп, қайтару кезінде орнына басқа заттарды салып жіберген.
Мәселен, құны 182 мың теңге болатын алтын сырғаның орнына бижутерия қайтарған. Осылайша, ол жалпы құны 14,9 млн теңгеден асатын 195 тауарды иемденген.
Сот бойжеткенді бес жылға бас бостандығынан айырып, жәбірленушінің шығынды өндіру туралы талабын қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енді.