Dodo Pizza жүйесін бұзған хакерлердің бірі — Қазақстан азаматы

Dodo Pizza жүйесін бұзған хакерлердің бірі — Қазақстан азаматы
ашық дереккөз

Dodo Pizza компаниясының жүйесінен 3,7 терабайт дерек ұрлады деген күдікке ілінген халықаралық хакерлік топтың үш мүшесі ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар. Бұл туралы «Baza» Telegram-арнасына сілтеме жасаған ult.kz хабарлайды.

Арнаның мәліметінше, күдіктілердің ізіне олардың бірі жіберген қателік арқылы түскен. Ресейдің Барнаул қаласынан шыққан 19 жастағы Д. Фридман ұрланған деректер базасына кіру кезінде қателік жіберген.

Тергеу деректеріне сәйкес, хакерлер компанияның GitHub платформасында ашық жарияланған ескі тіркелгі деректерін пайдаланған. Осы арқылы корпоративтік жүйелерге еніп, жабық бұлттық қоймаларға, деректер базаларына және қызметтік құпиясөздерге қол жеткізген.

Ұрланған деректердің көлемі 3,7 терабайтқа жетуі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, бұл шамамен 33 миллиард жазбаны қамтиды. Олардың арасында:

  • 15 жыл ішіндегі 862 миллион тапсырыс туралы мәлімет;
  • 68 миллион клиенттің профилі;
  • компанияның 431 мың қызметкеріне қатысты ақпарат;
  • жеткізу мекенжайлары жазылған 171 миллион жазба бар.

«База» арнасының хабарлауынша, күдіктілер Ресей, Қазақстан және Беларусь азаматтары болған. Қазір төрт күдіктінің үшеуі ұсталған, тергеу жалғасып жатыр.

Ескерту: деректердің ұрлану көлемі мен күдіктілерге қатысты мәліметтер аталған Telegram-арнаның ақпаратына негізделген.