Бір адамға жабылып, көлікке оқ жаудырған: Алматы облысында күдіктілер ұсталды

Бір адамға жабылып, көлікке оқ жаудырған: Алматы облысында күдіктілер ұсталды
Polisia.kz

Алматы облысында бірнеше ер адам бір азаматқа топ болып шабуыл жасап, оның көлігіне оқ атқан. Оқиғаға қатысы бар күдіктілер бірнеше сағат ішінде ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 14 қазанда Іле ауданына қарасты Қосөзен ауылында болған. Әлеуметтік желіде оқ тиген көліктің видеосы тарады. Жазба авторының айтуынша, бірнеше ер адам бір азаматқа жабылып, кейін көлікке оқ атқан.

Алматы облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Тергеу нәтижесінде қақтығыстың барлық қатысушысы бірнеше сағат ішінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, әрбір қатысушының әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі», — деп мәлімдеді полиция.

Қазір оқиғаның себептері мен жанжалдың қалай өрбігені анықталып жатыр. Күдіктілердің кінәсі сот шешімімен анықталады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ес-түссіз жатқан ер адамды пәтерінен көтеріп әкеткен оқиға тіркелген еді. Кейін полиция адам өліміне қатысты төрт күдіктінің ұсталғанын хабарлаған болатын.