27 қар, 2025 сағат 18:32

"Азаптап өлтірген": Талдықорғанда Айзат Жұманова ісі бойынша тың деректер жарияланды

Фото: видеодан кадрлар

Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Айыптау тарапының мәліметінше, әйелін азаптап өлтірді деп танылған күйеуі Жанболатқа қатысты айыптау актісі сотта оқылды, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Прокурордың айтуынша, жанжал 2025 жылдың маусымында басталған. Жанболат әйелінің телефонына хабарлама келіп жатқанын көріп, қызғанышпен оның смартфонын сындырып тастаған. Айзат та оның телефонын сындырған. Осыдан кейін ерлі-зайыпты шамамен екі апта сөйлеспеген.

Прокурордың сөзіне қарағанда, жанжал бірнеше күннен кейін тағы қайталанып, 22 маусым күні қанды оқиғаға ұласқан. Мас күйдегі күдікті физикалық күші басым екенін пайдаланып, Айзатқа бірнеше рет соққы жасап, ауыр жарақат келтірген. Әйелі есінен танғаннан кейін ғана жедел жәрдем шақырған.
34 жастағы Айзат Жұманова ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Марқұмның туыстары сотта күдіктінің әрекеті туралы өз болжамдарын айтты. Олар Айзаттың денесіндегі жарақаттарға қарап, оны аттың жалына байлап сүйреген болуы мүмкін деп ойлаған. Дегенмен сот-медициналық сараптама бұл нұсқаны растамады.

Судья Әділет Бақытов процесстің ашық өтетінін айтты, бірақ айыпталушы тараптың қарсылығына байланысты БАҚ-қа әзірге күдіктіні фото-видеоға түсіруге тыйым салынды.

Келесі сот отырысы 5 желтоқсанда өтеді.

Еске сала кетейік, бұл қылмыс 2025 жылдың маусымында Жетісу облысы, Ақсу ауданы Баласаз ауылында болған. Айзат Жұманова 2 жасар қызының көзінше қатыгездікпен соққыға жығылып, көз жұмғаны хабарланған. Күйеуі бастапқыда әйел «селфи жасап жатып терезеден құлап кетті» деп ақталмақ болған.