Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісіне қатысы бар 9 адам сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыптау актісіне сәйкес, 2009 жылдың 2 қазаны мен 2014 жылдың 19 желтоқсаны аралығында Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қ.Сұлтанбеков пен 2011 жылдың 18 мамыры мен 2017 жылдың 26 шілдесі аралығында "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы болған Т.Ардан қызмет бабын пайдалана отырып, LRT, BRT, ITS жобаларына, техникалық қадағалау және ASTRA жобасына бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын талан-таражға салған (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).
Д.Әбдіхамитов, У.Ачилов та қылмысқа барған. Әбдіхамитов қаражатты жымқыру үшін бірнеше ЖШС-ны тартып, осы фирмалардың мүддесін қорғаған, жобаға түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруды бақылаған. Ачилов ЖШС директоры қызметін атқара отырып, атқарылған жұмыстың ақысы асырып көрсетілген актілерге қол қойған.
Сот сондай-ақ ақшаны жымқыруға көмектескен Р.Аманжоловты, Ж.Нұрпейісовті және Т.Әшімді кінәлі деп тапты.
Аманжолов пен Нұрпейісов Астана қаласы әкімдігінің басқарма басшысы бола отырып, қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы құжаттарға, экономикалық қорытындыларға қол қойып, сол арқылы әлеуетті қызмет көрсетушілер шеңберін шектеп отырған. Олар жоғарылатылған бағамен қорытындыларға қол қойған. "Astana Innovation" АҚ басқарма төрағасы болған Әшім экономикалық сараптама мен техникалық-экономикалық негіздемені жоғарылатылған бағамен бекіткен.
ЖШС директоры болғн Т.Қасабаев, Д.Б. Мүсенов LRT және BRT жобаларын әзірлеуге жоғары бағамен қосалқы мердігерлік шарттар жасасып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан.
"Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 5,8 млрд теңге көлемінде шығын келтірілді", - делінген сот хабарламасында.
Аманжолов, Нұрпейісов, Әшім, Ачилов, Әбдіхамитов, Қасабаев және Мүсенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әшім, Қасабаев және Мүсеновке Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, шартты түрде сотталды.
Іс бойынша прокурордың талап арызы да қанағаттандырылып, 7 келісімшарт бойынша келтірілген 5 миллиард теңгеден астам шығын мемлекет пайдасына өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.