Фото: Nur.kz
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов білім грантына ие бола алмаған талапкерлерге кеңес берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Комменттерде және жекеме былтырғы жылдағыдай осындай мазмұндағы сұрақ тағы да көп қойылып жатыр. Сондықтан қысқаша өз ойымды қайталайын.
Бастысы әлі де грантты жеңіп алуға мүмкіндік бар. Неге?
Біріншіден, игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үйлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады.
Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қорының гранттары тағы бар.
Төртіншіден, кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады.
Бесіншіден, тіпті ештеңе болмаса, университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады.
Алтыншы, «gap year» арқылы бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады. Ол менің өз басымнан өткен оқиға. Бұл да жақсы шешім.
Жетіншіден, колледжге түсуге болады. Колледжде грант көп, қажетті мамандықтар бойынша колледж бітіргендер нарықта тапшы. Керек болса, кейін әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады.
Көріп отырғандарыңыздай мүмкіндіктер өте көп. Бәрі алда. Толық мәлімет алу үшін университеттердің қабылдау комиссиясына жолығу керек», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.