Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында болған жарылысқа байланысты қала тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арыс қаласы әкімінің өкімімен халықты Арыстан 50 шақырым жердегі Монтайтас ауылдық округіне эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл үшін 20 автобус жұмылдырылды. Сонымен қатар халықты көшіру үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді. Шымкент қаласында 15 эвакуациялау бекеті құрылды. Қазіргі уақытта Арыстан 17 бала жеткізіліп, Самал-3 шағынауданындағы Назарбеков атындағы №87 мектепке орналастырылды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, оқиға орнына жұмылдырылған азаматтық қорғаныс күштерінің іс-қимылын үйлестіру мақсатында өңірге ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер аттанып кетті.
«Өртті сөндіруге Түркістан облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшесінің күштері мен құрал-жабдықтары, жеке құрамның 75 маманы мен 16 техникасы жұмылдырылды. Өрт орнына қосымша Шымкент қалалық ТЖД-ның 118 маманы мен 7 техникасы жіберілді», - деді ресми өкіл.
Н.Нұрахметовтің айтуынша, төтенше оқиға орнында ҚР ІІМ бөлімшелерінен жеке құрамның 463 маманы мен 53 техникасы, оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 193 қызметкері мен 23 техникасы, полиция бөлімшелерінің 270 қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылған.
«Төтенше жағдайды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ», - деді ол.
Ал Түркістан облысы әкімдігінен мәлім еткендей, қала тұрғындарын эвакуациялау үшін 3 лагерь ұйымдастырылды:
1. Ақдала бұрылысы;
2. 41 разъез
3. Су қоршауы.
«Барлық үш бағыт бойынша әскери көліктер, қосбілікті камаздар, арнайы отрядтар қозғалады. Оқиға орнына жеткеннен кейін тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып, орналастыру лагерьлеріне бөледі.
Барлық әлеуметтік нысандарды (балалар, ауруханалар) полиция қызметкерлері эвакуациялайтын болады.
Айта кетерлігі, Бөген су қоймасына ешқандай қауіп жоқ, тиісті мамандар жағдайды бақылауға алып отыр.
Сонымен қатар Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орынға арналған қосымша госпитальдар тігіліп, 30 жедел жәрдем көлігі жұмыс істеуде», - делінген әкімдік ақпаратында.