Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы 18 сәуірде кешке қарай Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады. Полицияның айтуынша, "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" (Қылмыстың кодекстің 274-бабы, 4-тармағы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Шораев мырза әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан. Өзінің әрекеттерімен төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп, қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян тигізген. Шораев мырза Қарағанды қаласының аумағында Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр" делінген полиция хабарламасында.
49 жастағы Арман Шораев 2004-2006 жылдары "Хабар" АҚ-ын басқарған. Кейінірек Президент Әкімшілігінде саяси-қоғамдық бөлімде бас инпектор қызметін атқарған.
2007 жылдың маусымы мен 2014 жылдың қараша айлары аралығында КТК арнасының ("Коммерциялық телеарна") бас директоры болған.
2020 жылдың наурызына дейін Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болды.