Алматыда мас жүргізуші блокпосты соғып өтіп, салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды, – деп хабарлайды Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
«Сағат 05:26-да Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай шағын ауданында «BMW» маркалы автокөлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған А. есімді азамат Қожабеков көшесімен жүріп, Жаңа ғасыр көшесі қиылысындағы №4 блокпосты бұзып өткен. Ол алдымен бетон қоршауға соғылып, содан кейін инерциямен ішінде екі полиция қызметкері отырған патруль көлігіне соқтығысқан», - делінген хабарламада.
Өкінішке қарай, апат салдарынан полиция аға лейтенанты 1978 жылы туған Жалғас Жанғазиев алған ауыр жарақатынан жедел жәрдем көлігі келгенге дейін көз жұмды. Оның әріптесі, полиция сержанты 1994 жылы туған Дастан Әбдіқанов ауруханада есін жимастан қайтыс болды.
Жарас Сұлтанғазыұлы Жанғазиев 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Тәжірбиелі маман. Құқық қорғау органдарында 2001 жылдан бастап қызмет еткен. Артында жары мен екі қызы қалды.
Дастан Маратжанұлы Әбдіқанов 1994 жылы Алматы қаласында туған. Ол полицияда 2016 жылдан бері қызмет еткен. Үйленген, бір қыз тәрбиелеп отырған. Кішкентайы әлі қырқынан да шықпаған.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өз міндеттерін орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
«Блокпоста міндеттерін атқарған және ЖКО салдарынан қаза болған полиция қызметкерлері Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың отбасылары мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамын», - деп жазды Twitter-де Бақытжан Сағынтаев.
Қайтыс болғандардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.