Бүгін Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтуде. Еске салсақ, 12 млн-нан астам қазақстандық дауыс беруге құқылы. Дауыс беру үшін барлығы 10 323 учаске ашылды, оның ішінде 74 учаске – әлемнің 59 еліндегі шетелдік мекемелердің жанынан.
Алматыда 624 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Қалада алғашқылардың бірі болып мегаполис әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге дауыс берді. Олар № 48 мектеп-лицейінде орналасқан № 388 сайлау учаскесіне келді.
Референдумды аты аңызға айналған опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова да қолдады. №559 сайлау учаскесінің өкілдері оның тұрғылықты жеріне бюллетеньдерге арналған тасымалданатын урнаны апарды.
Халық әртісі бұл оқиғаның ел үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, референдумға қатысу-әрбір азаматтың Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілігі.
«Мұндай шешімдер мұқият ойластыруды қажет етеді, өйткені олар елдегі қазіргі жағдайға ғана емес, келер ұрпақтың болашағына да әсер етеді. Мен мемлекет үшін осы маңызды мәселеде өз дауысымды бергенімді мақтан тұтамын», - деп атап өтті Бибігүл Ахметқызы.
Референдумға Қазақстанның халық әртісі, театр әрі кино актері және режиссері Асанәлі Әшімов те қатысты.
Қазақ киносының аңызына айналған ол жұбайымен бірге Б. Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінде орналасқан № 382 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Отандық өнер жас буынының өкілі-музыкалық продюсер, «101» тобының экс-солисі Иван Бреусов таңертең белсенділік танытқан сайлаушылардың қатарында болды. Ол № 125 сайлау учаскесі орналасқан А. Байтұрсынов атындағы № 139 мектеп-гимназиясында дауыс берді.
«Барлығын да дауыс беруге шақырамын, өйткені демократиялық мемлекетте әр азаматтың дауысын ескеру өте маңызды», – деді Иван Бреусов бюллетеньді урнаға салғаннан соң.
Мегаполисте алғашқылардың бірі болып Алматы музыкалық колледжінің №64 учаскесінде дауыс берген қоғам қайраткері Асылы Осман да өзінің сайлау құқығын пайдаланды.