01 там, 2023 сағат 21:46

Алматыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты - видео

© Photo: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Алматыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желідегі парақшаларда тарап жатыр. Видеодан адамдардың ғимараттың терезелерінен секіргенін байқауға болады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 тамыз сағат 17:10-да ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәреже бойынша Алатау ауданының Ақкент шағын ауданы 54 үй мекенжайына жіберілген.

"Өрт сөндірушілер 6 минутта жетіп, 16-қабатты үйдің 5-қабатындағы кабельдік шахтада электр кабельдері 80 шаршы метр алаңда ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.

Райымбек даңғылында көлік кептелісі болғанына және өрт сөндіру техникасының кіреберісі тұрақта тұрған көліктермен шектелгеніне қарамастан, алғашқы өрт есептері 6 минутта оқиға орнында болды. Өрт салдарынан  жоғарғы қабаттарда және эвакуация жолдарында тығыз түтін мен жоғары температурадан тұрғындардың денсаулығына қауіп төнді.

Оқиға орнында  шұғыл газ-түтіннен қорғау қызметінің жұмысы ұйымдастырылды. 70 адам құтқарылды, оның ішінде - 35 адам құтқару қалпақтары арқылы, қалған тұрғындар арнайы техниканың көмегімен. Сондай-ақ 300 адам эвакуацияланды" - делінген хабарламада.

Алдын ала ақпарат бойынша 30 адам медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлердің қарауынан кейін одан әрі ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданған.

"Өрт сағат 18:46-да сөндірілді. Себебі анықталып жатыр.

Өртті сөндіруге Алматы қаласы ТЖД 50 қызметкері мен 14 бірлік техника жұмылдырылды" - делінген ТЖД хабарламасында.

Ал Алматы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сағат 18:30-дағы жағдай бойынша Алатау ауданы, Ақкент шағын ауданы 54 үй мекенжайында болған өрт салдарынан қала ауруханаларына 31 адам жеткізілген, оның 16-сы - бала. Зардап шеккендер арасында қаза болғандар жоқ. Науқастардың денсаулық жағдайы туралы қосымша хабарланады. 



Видеолар: kaskelenkz Instagram парақшасы, shtor_kansha_almaty Instagram парақшасы, Tengrinews.kz Telegram арнасы, Sputnik Қазақстан Telegram арнасы, Sulu Bolek Youtube арнасы, M NEWS Youtube арнасы