Фото: видеодан скриншот
Алматы қаласында маршруттық автобуста қалта ұрысы жолаушы әйелдің қомақты қаржысын қолды қылған, деп хабарлайды Ult.kz.
Полицияның хабарлауынша, күдікті адам көп жиналған сәтті пайдаланып, жәбірленушінің сөмкесінен білдіртпей теңгедегі және шетел валютасындағы ақшаны, сондай-ақ алтын бұйымдарды ұрлап кеткен.
Алдын ала есеп бойынша, келтірілген материалдық шығын 4,1 миллион теңгеден асады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу шаралары басталды. Күдіктінің қылмысқа қатысы бар екені анықталып, тінту барысында ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленді. Сонымен қатар оның әрекеті қоғамдық көліктегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
