19 нау, 2021 сағат 11:40

Алматыда белгісіз біреу "миналаған" мектеп саны 34-ке жетті

Алматыдағы жалған терроризм шабуылының ауқымы өсті: түнде белгісіз біреу мектептердің электронды поштасына ақша бермеген жағдайда білім ордасын жарып жіберетіні туралы хабарлама жолдаған, деп жазады "Ұлт ақпарат".

«Таңертең мұндай хабарлама 12 мектепке жіберілгені белгілі болды. Қазіргі уақытта қаладағы 34 жалпы білім беру мекемесіне осындай хабарламалар келіп түсті. 18 мектеп тексерілді. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Барлық мектепте сабақтар тоқтатылып, саперлар ғимаратты тексеріп жатыр.

Жалған терроризм үшін қандай жаза қарастырылады?

Бұл факті Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 273-бабы – "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Мұндай қылмыс үшін 5 000 АЕК-ке дейінгі (1 АЕК шамамен 7 долларға тең) айыппұл салу көзделген немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру да қарастырылған.

Аталған қылмыстың бұл түрі үшін жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылады.

Сонымен қатар хат жолдаған адамның жеке тұлғасын анықтап, оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.