Алматыда жолаушылар автобусы бес жасар қыз бен оның анасын қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қалалық полиция департаменті мәлім еткендей, жол апаты кеше кешке болған. Кішкентай қыз бағдаршамның қызыл түсіне қарамай жолдан өткен. Оның жанында анасы мен ағасы болған.
«Голден Дракон» маркалы автобустың 1968 жылы туған жүргізушісі Абай даңғылымен батыс бағытта Жароков көшесінің қиылысында екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Олар - 1983 жылы туған А. есімді келіншек пен оның 2015 жылы туған қызы. Сондай-ақ, апат салдарынан автобустың бір жолаушысы зардап шекті» дейді Алматы қаласы ПД тергеу бөлімінің бастығы Олжас Шәріпов.
Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерге жатқызылды.
«Бұл факт аумақтық құрамы бойынша Алмалы ауданының полиция басқармасында тіркелді. Тиісті сараптама тағайындалды» деп толықтырды департаменттен.