Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков
Алматы полициясы қалаға террористік шабуыл жасауға қатысқан содырлардың мәйіті көмілген орынның табылғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Иә, бұл рас мәлімет. Тәртіпсіздікке қатысушыларды анықтау қиынға соғу үшін жасырын жерлеу жұмыстары жүргізілген.
Жедел тергеу тобы жұмыстарды аяқтағаннан кейін толық ақпарат ұсынылады», - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Басқа мәліметтер әлі жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы коменданты Қанат Таймерденов қаза тапқан лаңкестердің денесін содырлар өздерімен бірге алып кеткенін айтқан болатын.
"Шабуылдаушылар өлгендерді тастап кеткен жоқ, жаралыларды да өздерімен бірге алып кетті. Бұл күндері мәйітханаға 7 рет шабуыл жасалды. Қаза болған 41 адамның мәйіті ұрланды", - деді Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов ОСК-дегі брифингте.
Қазақстанда бүлік кезінде 227 адам көз жұмды, оның 151-і Алматыда қаза болды.