14 мам, 2021 сағат 18:03

«Ақжайық» өз алаңында ел чемпионы «Қайратты» ұтты


Футболдан Қазақстан чемпионатының 11-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ел чемпионы «Қайрат» бұған дейін 17 ұпаймен үшінші орында келе жатса, одан екі ұпайы кем оралдық команда 5-сатыда еді.

«Ақжайықтың» құрамында өткен ойында жарақат алып қалған қақпашы Сергей Литовченконың орнына Илья Караваев шықты.

Бірінші таймда алматылықтар көбірек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ.

Ойынның екінші кезеңінде 54-минутта қарымта шабуыл кезінде «Ақжайық» сапындағы белоруссиялық қорғаушы Павел Назаренко алға шығып кеткен «Қайраттың» қақпашысы, Орал футболының түлегі Стас Покатиловтан допты асыра салды. 

Матч соңына таман бұрыштамадан берілген допты «Қайрат» құрамындағы сербиялық қорғаушы Раде Дугалич баспен соққанымен, ол қақпа жақтауынан кері қайтты.

Осылайша премьер-лигадағы бюджеті ең аз клуб болғанына қарамастан, биыл қарқынды ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан «Ақжайық» қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді – 1:0.

Турнир кестесінде 18 ұпаймен үшінші орынға көтерілген украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері келесі кездесуін 18 мамыр күні сырт алаңда «Тұранмен» өткізеді.