19 мам, 2021 сағат 21:06

Ақтөбедегі перзентханада жас ана көз жұмды


Ақтөбе облыстық перинаталдық орталықта 30 жастағы Аймира Атшыбаева көз жұмды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облыстық перинаталдық орталыққа бүгін көз жұмған Аймира Атшыбаеваның туған-туыстары келіп, қайғылы оқиғаның себебін сұрады. 

«Келіншегім 17-мамыр күні көз жұмды. Дәрігерлер «өкпесінде кінәрат бар» деп айтты. Бірақ әйелім күні бүгінге дейін денсаулығына шағымданып, өкпесі ауыратынын айтпады. Жүктілігі жақсы өтті. Осы жағдай бойынша дұрыс шешім қабылдағанын қалаймын. Менің мақсатым түрмеге отырғызып, бас бостандығынан айыру емес. Маман қатесі үшін жауап берсін», - деді Алтынбек Жұмағазиев.

Тума-туысының көп сұрағын дәрігерлер перзентхана сыртына шығып тыңдады.

«Алдымен толғақ шақыратын дәрі берген. Кейін оның палатада босанғанын білдік. Ес-түсін білген. Баласын бауырына басты. Содан кейін қан тоқтамай, оның жансақтау бөліміне жеткізілгенін біліп отырмыз. Көп ұзамай көз жұмды», - деді марқұмның жеңгесі Гүлдан Ақмамбетова.

Қайғыдан қан жұтқан туған-туыс талап еткен кезде ғана бас дәрігер көңіл айтты.

«Қазір арнайы комиссия құрылды. Тексеру қорытындысынан соң шара қолданылады», - деді облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Асхат Балықов.

Айта кетейік, қазір бала әкесіне берілді. Салмағы - 4,5 келі.

«Жас ана су кетіп, бізге түсті. Бір тәулік бойы бақылау жүргізілді. Кейін үш дәрігер қарап шықтық. Бала оң келген. Салмағы да ірі болады деп ойламадық. Өз бетімен босанады деп шешім қабылданды. Шынында да сәбиін өзі өмірге әкелді», - деді босану бөлімінің меңгерушісі Алексей Хасанов.