19 қар, 2020 сағат 19:31

Ақтөбе облысында бір топ адам шошқа фермасының жабылуын талап етті

19 қараша күні Ақтөбе қаласының іргесіндегі Бестамақ ауылының жүз шақты тұрғыны наразылыққа шығып ауыл іргесіндегі шошқа фермасының жабылуын талап етті, деп хабарлайды Азаттық.

Тұрғындардың сөзінше, 2002 жылы ашылған кешенде қазір 40 мың бас шошқа бар. Жергілікті жұрт ферма жақтан жел тұрғанда үйден шыға алмай қалатынын айтады.

– Соңғы кездері бұл ферма шошқаның ішек-қарын, терісін және өлексесін ауыл маңынан траншея қазып, соған көме бастады. Шаруашылық қалдықтарын жою, болмаса өңдеу қымбатқа шығатын болса керек. Ауыл тұрғындарының қысы-жазы тұншығып отырғаны өз алдына, шошқа фермасы жерді, суды ластап жатыр, – дейді Ерболат Кенетаев.

Бестамақтың тағы бір тұрғыны Саламат Нұрғалиевтің сөзінше, шошқа фермасының сұйық қалдықтары Елек өзеніне ағып жатыр. "Біз Електің суымен бақшаны суғарамыз, малымыз да өзеннен су ішеді. Ала жаздай үлкен-кіші осы өзенге шомылады" дейді Саламат Нұрғалиев.

Шошқа фермасының жабылуын талап еткен жиынға сол маңдағы Қарағаш, Бесқоспа ауылдарының тұрғындары да келген. Аты-жөнін атамаған тұрғынның айтуынша, шошқа фермасының жағымсыз иісінен 10 шақырым жердегі Бесқоспа ауылы да тұншығып отыр.

Жүз шақты адамның наразылығын тыңдауға Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов келді. Аудан әкімі халықты сабырға шақырып, арнайы комиссия құрылғанын, мәселенің тексеріліп жатқанын айтты. 

Өзін "Бестамақ ауылшаруашылық кешенінің атқарушы директорымын" деп таныстырған Нұрым Құмаров шошқа өлексесі мен ішек-қарнын 20 күннен бері ферма іргесіндегі траншеяларға көміп жатқанын растады.

– Біз бұрын шошқа өндірісінің қалдығын мал азығына қосу үшін өңдейтінбіз. Бірі мыңдық, бірі бес жүздік екі экструдеріміз бар еді. Соның бірі сынып қалып, қалдықтарды жерге көмуге мәжбүрміз. Соңғы 20 күнде ферма маңындағы траншеяларға алты тонна қалдық көмілді, – деді Нұрым Құмаров.

Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин де бұл оқиғаға байланысты мән-жайды түсіндірді. 

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес шошқа фермасына бардық. Ынталы топтан он адам, құзырлы орган өкілдері мен экология, ветеринария мамандары комиссия құрамында бар. Шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий салынғанын ұмытпаған жөн. Қазір рұқсат алып жатырмыз. Бүгіннен бастап тексеру аяқталғанша шошқа союға тыйым салынды», - деді облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин.

Ал облыстық экология департаменті мұндай арыз бұрын түспегенін, бүгін ғана шағым берілгенін мәлімедеді.

«Барып, мамандар жағдаймен танысты. Бестамақ ауылы тұрғындары атынан арыз түсті. Енді тексеру басталады. Кәсіпкерге тексеретініміз туралы хабарлама бердік. Экологиялық заңдылықты бұзғаны анық көрініп тұр», - деді облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.