фото:коллаж ult.kz
2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау қаласы маңында Әзербайжанның Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы апатқа ұшырады. Бұл қайғылы оқиға Қазақстан мен Әзербайжанды ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударды. Ult.kz қайғылы оқиғаның хронологиясы мен ақпараттарды тізбектеді.
Оқиғаның хронологиясы
“Баку-Грозный” бағыты бойынша ұшқан ұшақты қалың тұманға байланысты Грозный әуежайы қабылдай алмаған. Әуежайдың таратқан ақпараты бойынша, әуекөлік алдымен Махачкалаға қонуды жоспарлаған кейіннен Ақтауға бет алыпты. Ұшақ родардан жоғалып кеспий теңізі үстінен анықталған. Содан кейін:
11:20
Ұшақ экипажы Ақтау халықаралық әуежайына шұғыл қонуға рұқсат сұрады. Әуежай бұл хабарды растап, қабылдау шараларына кіріскен. Алайда экипажбен байланыс үзілген. Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақтың техникалық ақауға тап болғаны хабарланған.
11:30
Әуежайдан шамамен үш шақырым жерде ұшақ апатқа ұшырады. Бұл ақпаратты ҚР Көлік министрлігі растады. Жергілікті тұрғындар мен заводтың жұмысшылары түсірген видеолар желіде тарай бастады.
11:45
Төтенше жағдайлар қызметі апат орнына жетіп, өртті оқшаулады. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жолаушыларды эвакуациялай бастады.
12:05
Ұшақтағы өрт толығымен сөндірілді. Құтқару жұмыстары жалғасты.
13:38
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Ресейден Бакуге оралды. Әлиев Санкт-Петербургте ТМД елдері басшыларының саммитіне қатысуы керек еді.
13:43
Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала мәліметі бойынша ұшақ апатынан 28 адам аман қалды, оның екеуі — бала.
14:00
Зардап шеккендер туралы алғашқы ресми ақпарат жариялана бастады. Жолаушылар түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда ұшақта 67 адам болған. Оның 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам, оның ішінде екі бала, жарақат алып ауруханаға жеткізілген.
Жолаушылар туралы деректер
Әзербайжанға тиесілі ұшақта әртүрлі елдердің азаматтары болған. 42 Әзербайжан азаматы, 16 Ресей азаматы, 6 Қазақстан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы.
Жарақат алғандар арасында балалар мен егде жастағы адамдар да бар. Алдын ала болжамдар бойынша, апатқа құстардың ұшаққа соғылғаны себеп болды деген мәліметтер тарады. Қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және халықаралық сарапшылар апаттың себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуде. Ал зардап шеккендерге:
«Барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Жедел медициналық көмектің барлық құрамы жұмылдырылған», – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекбол Ізбасаров.
Апат орнына 700-ден астам құтқарушы және 80-нен астам арнайы техника жіберілді. Жарақат алғандарға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Санитарлық авиация арқылы Астана қаласынан қосымша дәрігерлер мен құрал-жабдықтар жеткізілді.
Республикалық штаб құрылып, оның құрамына ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 26 желтоқсанды қаралы күн деп жариялады. Қазақстан азаматтары Әзербайжан консулдығының алдына құрбандарға арнап гүл шоқтарын қойды. Қан тапсыру орталықтарына донорлар жинала бастады. Тергеу жұмыстарын халықаралық сарапшылар жүргізетін болды. Әзербайжан өкілдері Ақтауға келді.
ҚР Көлік министрлігі мәлімдеме жасады:
“Ақтауға ұшақ құлаған жерге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы келді. Келген кезде ұшақтың өртеніп жатқаны анықталды. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті. Қазір зардап шеккендер туралы ақпарат анықталуда», - делінген хабарламада.
Ақпараттар тізбегі
26-желтоқсан
Апаттан аман қалғандардың жағдайы туралы ақпараттар тарады. Оның ішінде бортсеріктің жағдайы ашықталды. Апат болған жерді дронмен түсірген блогер 10 тәулікке қамалды. Аман қалғандар мен қаза тапқандардың тізімдері жарияланды. Өкінішке қарай Қазақстанның 6 азаматы аман қалмады. Ұшақтың қара жәшігі табылды.
27-желтоқсан
Апаттың себептерін анықтау мақстатында жедел штаб жұмыс істеді. Туркия елінен мамандар жұмылдырылды. Халықаралық сарапшылар келді. Аман қалған екінші бортсерік апаттың қалай болғанын айтып берді. Оның айтуынша:
«Біз таңғы сағат 8-де Грозныйға ұштық. Қонуға жақындаған кезде әуежайды өте қалың тұман басқанын көрдік. Капитан ұшақты төмендетуге кірісті, бірақ нашар көріну салдарынан екінші айналымға ұшуға мәжбүр болды, тұманның сейілуін күтті. Дегенмен, екінші де, үшінші де қону әрекеттері сәтсіз аяқталды», – деді Әсадов.
Ұшқыш содан кейін басқа әуежайға қонуды ұйғарған. Кейін:
«Бірақ сол сәтте ұшақтың сыртынан біртүрлі дыбыс естілді. Мен әріптесім Айданмен бірге дереу салонға шықтым. Біз жолаушылар арасында дүрбелең басталғанын көрдік. Барынша жолаушыларды тыныштандыруға тырыстық», – деп толықтырды бортсерік.
28-желтоқсан
Әзербайжан мен шетел басылымдары алдын болжанған құстардың соқтығысу себептерін жоққа шығарып, ұшаққа соққы жасалған деген ақпарат тарата бастады. Аман қалғандар естерін жиып оқиғаның мән-жайын айтып бере бастады.
Ресей Президенті Владимир Путин Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп апатты талқылады. Кремльдің баспасөзінің хабарлауынша Ресей басшысы апатқа байланысты кешірім сұраған.
«Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында кесте бойынша ұшатын Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказ қалалары украиналық әскери дрон аппараттардың шабуылына ұшырады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді», – делінген хабарламада.
29-желтоқсан
Қайғылы оқиғадан қаза тапқандар ақтық сапарға шығарылды. “Соңғы ерлік” жасаған бортсерік Хокума Әлиева туралы мәліметтер желіде жариялана бастады. Ол апат кезінде ұшақтағы жолаушыларға “Барлығы жақсы болады”- деп тыныштандырған. Оның ата-анасы:
“Қызым 33 жаста еді. Оның AZAL компаниясында жұмыс істегеніне биыл 9 жыл болған. Өте ауыр жағдай. Аман қалғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – дейді Хокума Әлиеваның әкесі Джалил Әлиев.
Әзербайжан Президенті не дейді?!
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Біріншіден, мен президент Тоқаевқа телефон шалып, оған ризашылығымды білдірдім, біз апаттан кейін бірден қазақстандық құтқарушылардың оқиға орнына тез жетіп, қираған ұшақтан адамдарды шығаруға кіріскенін білдік», - деді Әзербайжан Президенті.
Одан бөлек Ильхам Әлиев Ресей билігіне ұшақ апатына себепшілерді жазалауды және қаза болғандарға өтемақы төлеуін талап етті. Оның сөзінше:
«Әрине соңғы нұсқасы қара жәшіктерді ашқаннан кейін белгілі болады. Бірақ бастапқы нұсқалар да жеткілікті түрде дәлелденген және фактілерге негізделген. Әзербайжанның азаматтық авиация ұшағы Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымдалып, іс жүзінде басқарудан айырылғаны – факт. Сондай-ақ біздің ұшағымыз электронды соғыс арқылы басқарылмайтын күйге келтірілгенін білеміз. Бұл ұшаққа келтірілген алғашқы залал»,-деді ол.
Қазірде ұшақтың қара жәшіктері Бразилиядан келген сарапшыларға берілген. Себеп-салдары анықталып тергеу жұмыстары жалғасады. Ақтау маңында болған ұшақ апаты Қазақстан тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болып қалды.
Бекболат Мұхтар