21 жел, 2021 сағат 14:03

Ақтауда Toyota Land Cruiser әйел мен бес жастағы қызды қағып кетті – видео


Ақтауда Toyota Land Cruiser жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан балалы әйелді қағып өлтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 20 желтоқсанда 16 және 19-шағынаудандар арасында болған. Полиция қызметкерлері 23.45-те шақырту түскенін мәлімдеді.

"Toyota Land Cruiser жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан жүргіншіні қағып кетті. Нәтижесінде, 29 жастағы әйел алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды", - деді облыстың Полиция департаменті өкілі.

Бес жасар қыздың Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені, кейін ол да есін жимастан қайтыс болғаны белгілі болды.

Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайда бұзуы" бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалған.