Фото: ТАСС
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушылар ұшағында қаза тапқандарды еске алу мақсатында Шешенстан астанасы Грозный қаласында мемориал ашылды. Ескерткіш Әзербайжанның тұңғыш президенті Гейдар Әлиев атындағы саябақта орнатылған. Бұл туралы Ult.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Мемориалдың ашылу салтанатында Шешенстан басшысы мен үкіметі әкімшілігінің жетекшісі Галас Таймасханов апаттан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
«Бұл әуе апаты барлығымыз үшін ауыр хабар болды. Бүгін біз Баку – Грозный бағытындағы рейс жолаушыларының құрметіне мемориалдық тақта ашып отырмыз. 29 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген ұшқыштар мен экипаждың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», – деді ол.
Іс-шара барысында AZAL әуе компаниясының президенті Самир Муса оглы Рзаевқа Шешен Республикасының алдындағы еңбегі үшін медаль табысталды. Сондай-ақ тірі қалған бортсеріктер Асадов Зульфугар мен Рагимли Айданның көрсеткен ерлігі ерекше атап өтілді.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Баку – Грозный бағытындағы ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 67 адам болған, олардың 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалған еді.
