Шығыс Қазақстан облысында медициналық нысандарды жаңғырту және Өскеменнің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 105,7 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражатқа көпбейінді аурухана салу, перзентхананы реконструкциялау, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір мен жол айрығын жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды ult.kz.
300 орындық аурухана салынып жатыр
Өскемен қаласының 19-шағын ауданында 300 орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанның жалпы ауданы – 42,5 мың шаршы метр. Жобаға қосымша 33,3 млрд теңге бөлінді.
Қазір құрылыс жұмыстарының дайындық деңгейі 28%-ға жеткен. Медициналық жабдықтарды сатып алу аяқталған. Аурухананы 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Медициналық мекемеде хирургия, травматология, кардиология, нейрохирургия бөлімшелері мен инсульт орталығы жұмыс істейді. Аурухана жылына 13,6 мың пациентке қызмет көрсетуге есептелген.
Перзентхана жылына қосымша 2 мың әйелді қабылдай алады
Өскемендегі Ана мен бала орталығының стационар ғимаратын перзентхана ретінде қайта жабдықтау жұмыстары да жалғасып жатыр. Жобаға 2026 жылы қосымша 2,4 млрд теңге бөлінді.
Жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метр болатын ғимараттың дайындығы 90%-ға жеткен. Нысанды 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін перзентхана жылына қосымша 2 мыңға дейін әйелді қабылдай алады. Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын орта есеппен 5 300 бала дүниеге келеді.
Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір салынады
Өскемендегі жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаражат қарастырылған. Серікбаев көшесін ұзарту және Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу жобасына биыл қосымша 55 млрд теңге бөлінді.
Жоба аясында ұзындығы 2,3 шақырым болатын алты жолақты жол және ұзындығы 834,8 метр көпір салынады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қарастырылған.
Жаңа көпір қаланың орталығы мен сол жағалауы арасындағы қатынасты жақсартып, тәулігіне 80 мыңнан астам көлік өтетін қолданыстағы Ертіс көпіріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Құрылысты 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
Жол айрығы 2027 жылы толық пайдалануға беріледі
Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айрығын қайта жаңғыртуға қосымша 15 млрд теңге бөлінді. Қазір құрылыс жұмыстарының 72%-ы орындалған.
Нысанды кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2026 жылғы 25 қазанда Сәтбаев көшесі бағытындағы қозғалысты ашу, ал жыл соңына дейін Есенберлин көшесі бағытындағы қозғалысты іске қосу көзделген. Көлік айрығы 2027 жылы толық пайдалануға беріледі.
Жоба қаланың сол жағалау бөлігіне, Меновное және Ахмирово тұрғын алаптарына, сондай-ақ «Жібек маталар комбинаты» шағын ауданына қатынауды жеңілдетуге бағытталған.
Аталған жобалар жүзеге асса, Өскеменде медициналық көмектің қолжетімділігі артып, жолдардағы көлік қозғалысы жақсарады.