03 қаз, 2019 сағат 14:46

Ақмола облысы қаламгерлерінің үздік он шығармасы аудио кітап болып жарық көрмек

Жақында Ақмола облысы қаламгерлерінің үздік он шығармасы аудио кітап болып жарық көреді. Бұл туралы олыстық "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі өкілдері хабарлады.

"EL Jastаr" театры мен "Рухани жаңғыру" Өңірлік жобалық кеңсесінің бірлескен жобасы Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асады.

"Бүгін басқарма басшысы Ғалым Шойкин театрдың арт-директоры Хәкім Хасанбай мен "Рухани жаңғыру" Өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Қайрат Сейтқазинді қабылдап, аудио кітаптарды тезірек оқырманға ұсынуды тапсырды", - дейді жобалық кеңсе мамандары.

Алғашқы таңдап алынған шығарма - Сәкен Сері Жүнісовтің "Ақан сері" романы. Бүгіннен бастап театр актерлері "ZhаkonDRA Films" студиясында кітаптың аудио нұсқасын жаза бастайды.

Айта кетсек, Ақмола өңірінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша әдебиет саласын қолдауға бағытталған бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының қолдауымен бір топ жас ақынның жыр жинақтары кітап болып басылып шығарылды. Сондай-ақ, ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы - "Әдеби өлкетануды дамыту" атты ауқымды жоба да Ақмола облысынан бастау алды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асатын үлкен әдеби-мәдени шаралардың бірі саналатын бұл республикалық жобаны жүзеге асыруға Ақмола облысының әкімдігі бірінші болып ынта-ықылас білдірді. 

Сонымен қатар, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Лондонда ағылшын тілінде Сәкен Жүнісовтың «Zamanai and Amanai» повесі жарық көрді. Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық шығармалар жинағы және «Мәлік Ғабдуллин - Ұлы даланың мақтанышы» атты альбом-кітабы, профессор Қадыржан Әбуевтің «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты библиографиялық очеркі шығарылды, жазушы-публицист Жабал Ерғалиевтің ««Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» кітабы мен «Ақан сері» жинағы, Ақмола облысы туралы «Жер жәннаты» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде фотокітап жарық көрді.