Фото: ЖИ
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
30 дан асқан әйелдің денсаулығына, дене бітіміне күтім жасауы қазір жаңалық емес. Бұл ‒ құр сұлулық емес, өмір сапасын ұзартатын, психологиялық саулығымызға кепіл беретін маңызды қажеттілік7 Бұл ‒ қазір тренд қана емес, уақыт талабы. Себебі 30 дан кейін ағза қартаюға аяқ басады. Ағзада бірнеше маңызды өзгерістер басталады. Гормондар өзгеріп, көңіл күй құбылады, стрессті жағдайларға қарсы тұру иммунитеті әлсірейді. Терінің жаңаруы, бұрынғыдай болмай, коллаген бөлуі нашарлайды. Метаболизм баяулап, бұлшықеттер азайып, денеде май оңай жиналады. Сондықтан 30-дан асқан әр қыз-келіншек өз саулығына аса қамқорлықпен қарай бастағаны жөн.
Дене сымбатын ұзағырақ сақтау үшін дұрыс тамақтануды жолға қойып, өзіне ыңғайлы спорт түрімен айналыса бастағаны дұрыс. Май емес, бұлшықет жинау үшін күнделікті тамағы пайдалы май, ақуыз, дәрумендерге бай болғаны абзал.
Гормондардың өзгерісін бақылауда ұстау үшін өзіңізде байқалатын белгілер бойынша анализдер тапсырып, емін алу керек. Тез салмақ қостыңыз ба, әлде жиі шаршау бар ма, мүмкін цикл бұзылды, мүмкін ұйқысыздық? Мұның бәрі гормондар өзгерісімен тікелей байланысты.
Фото: ЖИ
Сондай-ақ бет терісіндегі коллаген синтезі тіпті 25 жастан бастап баяулайды. Сол себепті бет терісінің сымбатын сақтау үшін, ерте әжім түспес үшін, күнде күн сәулесінен қорғанып, СПФ крем жағып, теріні тұрақты ылғалдандыру маңызды.
Одан бөлек, қатерлі ісік бұрынғыдай 50-60 жаста емес, қазір 30-40 жастағы қыз-келіншектерде кездесіп жатқанын ескеру керек. Ұзағырақ өмір сүру үшін жыл сайын онкоскрининг өту ‒ кәдімгі қажеттілік. Ерте кезеңде анықталған ісік 80–95% жағдайда толық емделеді.
Пайым
Әйелдің денсаулығы оның күйіне, адамдармен қатынасына, жұмысына тікелей әсер етеді. Ең бастысы әйелдің лайық сымбаты мен саулығы өзінің бағалауын қалыпты деңгейде ұстап тұратын бірден бір фактор. Денсаулыққа немқұрай қарау кейін қымбатқа түседі. Өзімізге немқұрайлы қарау ‒ кейін өкіндіреді. Саулығымызды уақытылы қолға алайық. Ұзағырақ жарқырайық!
