15 там, 2024 сағат 17:29

"16 жастағы қызды жыныстық құлдықта ұстаған": Қызылордадағы сұмдықтың мән-жайы

Фото Getty Images

Қызылорда облысында жас қызды сыныптастары 8 ай бойы азаптап, есірткі беріп, секс-құлдықта ұстағаны туралы жан түршігерлік оқиға қоғамда резонанс тудырды. Бұл туралы алғаш #НеМолчи қоры жазған болатын.

«Қызымды үзіліссіз екі тәулік бойы жезөкшелікке салған»

Құлдықта болған 16 жастағы қыздың анасы қызының мұндай ауыр жағдайға түскенін білмегенін айтып, сыныптас қыз екеуі бірге биліп, ойнап, кейде үйіне келіп қонатын дейді.

«Кейін қызымды оның үйіне қонуға шақырды. Біз басында қарсы болдық, кейін көндік. Бірақ үнемі байланыста болдық. Кейін сыныптасы мен оның әпкесі, тағы бір ұл сыныптасы мен оның туысы, яғни төртеуі қызымды жезөкшелікке тартқан», - дейді ол.


Оның айтуынша қаңтарда бұл балалар қызының телефонын тартып алып, бопсалап, «Қыздар.нет» сайтына тіркеген. 4-ақпаннан бастап сайттан тапсырыстар келе бастаған. 

«Кейін үзіліссіз екі тәулік бойы жезөкшелікке салған. Одан түскен ақшаның барлығын өздеріне аударып отырған. Егер ақша жіберуді кешіктірсе, оны ұрып-соққан», - дейді қыздың анасы.


Ол бұл оқиғаны мектеп әкімшілігі де білгенін, бірақ егер өздерінің үстінен арыз жазылса қызының мінездемесі бұзылып, анасын ата-ана құқығынан айыратынын айтқан. 

«Арнайы интернетқа тапсырамыз деп айтты. Ал онда әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары жатады деді. Олар маған «сенің қызың өте жуас, уақыт өте келе бәрі орнына келеді» деп айтты. Қызым ҰБТ-да тапсырған жоқ. Тек екі сабақта отырып, ерте кететін еді», - деген анасы осының бәрін тоқтатуға болар еді деп қынжылды.


Жәбірленушінің сөзінше іске аталған төрт баладан басқа тағы 3 адамның қатысы бар. Ол өзі де, қызы да өздерін «өлтіріп кете ме» деп қорқатынын айтады. Қызылорда облысының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғанова жәбірленуші қыздың үйіне күзет қойылғанын айтқан. Алайда қыздың анасы әлі де өзіне қауіп бар деп есептейді.

Жасөспірім қыздың анасы өзіне қоғам тарапынан қысым болып жатқанын айтып отыр.

«Мені көбі көшеде танып, кінәлап жатады. Мән-жайды білмесе де осындай жағдайға жол бергенім үшін сөгеді, түсінбейді», - дейді ол.


Оның сөзінше күдіктілер өздерінің жазадан құтылып кететіндеріне сенімді. Олар сот-медицина сараптамасына барғанда  тіпті өзін олар келеке еткенін айтады. Жәбірленушінің анасы жасөспірім қызға сайт арқылы 1000-ға жуық адам келген деп отыр. Бұл факт көпшіліктің жағасын ұстатты.

«Біз қандай елде тұрып жатырмыз?!»

Қоғам белсенділері де бұл оқиғаны естіп, есеңгіреп қалғанын айтып жатыр. Қоғам белсендісі Айтбек Амангелді: 

«Мен адам құқығын қорғаушылар мен қоғамдық қорлармен бірге Қазақстандағы зорлық-зомбылық бойынша жұмыс істеп жүргеніме ұзақ уақыт болған жоқ. Бар-жоғы 8-9 ай ғана болды. Бірақ осы уақытқа дейін қаншама оқиға естідім... Жаның түршігеді. Бүгінгі баспасөз конференциясында естігеніміз тіпті сорақы. 1000 адам - 6 айда... Қалай?! Айтарға сөзім жоқ! Ішім алай-дүлей... Біз қандай елде тұрып жатырмыз?!» -дейді А. Амангелді желі қолданушыларына. 


Адвокат Жанна Оразбахова:

«Бұл қайғылы жағдайдың ауқымы бүткіл қазақстандықтардың жүрегіне соққы болып тиді. Қызды ЕРЕСЕКТЕР мен олардың балалары зорлап, пайдаланған. Миға сыймайды!» -деп жазады адвокат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.


#НеМолчи қорының жетекшісі Дина Тәңсәрі ол адамдарды анықтауға болатынын айтып отыр. Себебі жыныстық қызмет көрсетуге төленген барлық ақша қыздың банк карточкасына аударым арқылы түсіп отырған. 

Ресми органдардың хабарламалары

Ал Ішкі Істер министрлігі аталған іс бойынша жалған ақпарат таратқандарға қатысты тексеріс басталғанын хабарлады. Ведомство бұл іске байланысты әлеуметтік желілерде көптеген жалған ақпарат тарап жатқанын айтып отыр.

Сонымен қатар, бұған дейін ІІМ жәбірленуші алты айдан бері тиісті органға арыз түсірмеген және қазір іс бойынша сараптама мен тергеу жүріп жатқанын айтып, осы іс бойынша қамауға алынған жасөспірімдер сот шешімі бойынша үйқамаққа шығарылғанын мәлімдеген. Алайда жәбірленушінің арызынан кейін күдіктілер қайта қамауға алынғаны хабарланды.

«Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілеріне жәбірленушінің өкілінен келіп түскен шағымдарды қарады. Күдіктілердің жасаған әрекеттерінің ауырлық дәрежесін ескерді. Күдіктілерді сот ісін жүргізуге кедергі жасап, тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болғанын ескере отырып, шағымды қанағаттандырып, тергеу сотының қаулыларын өзгертті. Күдіктілерге 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарды, – деп хабарлайды Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.


Сондай-ақ, айыпталушылардың ата-анасына «Бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу жүріп жатқаны хабарланды.