04 сәу, 2025 сағат 12:11

"16 кәсіпкермен келісімшарт жасасқан": Перизат Қайрат су тасқыны кезінде халықты қалай алдағаны айтылды


Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, Қайрат П. мен оның анасы Г. Алашбаева аса ірі көлемде алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ult.kz.

2021–2024 жылдар аралығында П. Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы халықтан қайырымдылық көмек ретінде қаржы жинап келген. Ол бұл қаражатты мұқтаж балаларға, Палестина халқына және су тасқынынан зардап шеккендерге бағыттаймын деп сендірген.

Алайда тергеу нәтижесі бойынша, жиналған 3,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат жеке қажеттіліктерге жұмсалғаны анықталды. П. Қайрат қор есепшотындағы ақшаны өз атына және анасы Алашбаеваның атына аударып, оларды зергерлік бұйымдар, киім-кешек, жиһаз, саяхаттар, автокөлік жалдау, жөндеу жұмыстары сынды мақсаттарға жұмсаған.

2024 жылғы 1 сәуір мен 15 қараша аралығында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 2,8 млрд теңге жымқырылған. Бұл қаражаттың бір бөлігі жалған келісімшарттар жасау арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қайрат П. 16 жеке кәсіпкермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар мен етіктер жеткізу туралы келісімшартқа отырған, бірақ іс жүзінде бұл келісімдер орындалмаған.

Тергеу деректеріне сай:

  • 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орны, жеке үй, жер телімі мен ғимарат сатып алынған;

  • 6,9 млн теңгеге «Rolex» сағаты алынған;

  • 23 млн теңгеге «Rebel Flowers» гүл салоны сатып алынған (құжатта 2 млн теңге деп көрсетілген);

  • Бұл бизнестен 69 млн теңге табыс түскен;

  • 158 млн теңге тұратын зергерлік бұйымдар, аяқ киім мен сөмкелер тәркіленді;

  • 865 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды.

Сонымен қатар, 72 млн теңге зардап шеккендерге тұрмыстық техника алу сылтауымен Алашбаеваның есепшотына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қазіргі уақытта Г. Алашбаеваға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Айта кетейік, кеше Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталғанын хабарлады.