22 там, 2024 сағат 16:44

116 жастағы жапониялық әйел әлемдегі ең қарт адам атанды


Енді әлемдегі ең қарт адам – 116 жастағы Томико Итоока. Ол 1908 жылы дүниеге келген, ал қазір Жапониядағы қарттар үйінде тұрып жатыр. Ұзақ өмір сүруінің құпиясын жаяу серуендер деп санайтын әйел әлі де анық сөйлей алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

116 жастағы Томико Итоока 117 жастағы Мария Браньяс қайтыс болғаннан кейін әлемдегі ең қарт адам атанды. Ол 1908 жылы 23 мамырда дүниеге келген. Томиконың жасын геронтология зерттеу тобы растады.

Итоока қазір Жапонияның Ашия қаласындағы қарттар үйінде тұрып жатыр. Бұрын екі қызымен 110 жасқа дейін өз үйінде тұрған, 2019 жылы қарттар үйіне көшіп барған. Томико үш ай бұрын 116 жасын тойлады. Оған қала мэрі құттықтау хат жолдаған. Қамқоршыларының айтуынша, ол нашар еститініне қарамастан, әлі де анық сөйлей алады. 

Әлемнің ең қарт адамы Осакада үш баланың ортаншысы болып дүниеге келген. Бастауыш мектептен кейін Томико тек қыздар оқитын орта мектепте білім алған, сол жерде волейболмен белсенді айналысты. Ол 20 жасында тұрмысқа шығып, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір оның көп немере-шөбересі бар. 


Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Томико күйеуінің тоқыма фабрикасын басқарған. Жұбайы 1979 жылы қайтыс болғаннан кейін, ол Нара префектурасында жалғыз тұрған. Кейуана Ниджо тауына шығып тұруды ұнатқан. Сондай-ақ ол 3000 метр биіктіктегі Онтаке тауын екі рет бағындырыпты. 

Оның ұзақ өмір сүруінің құпиясы – ұзақ жаяу серуендеу, дейді оның отбасы. Қазір Томико тарихта тіркелген 24-ші ең қарт адам. 20 тамызда Испанияда 117 жастағы Мария Браньяс қайтыс болған еді. Ол екі дүниежүзілік соғыс, испан тұмауы, еліндегі азаматтық соғыс пен коронавирустан аман қалған адам ретінде тіркелген.