Жылан шағуы мүмкін: Алматыда тауда серуендеген 11 жастағы қыз жансақтауға түсті

Жылан шағуы мүмкін: Алматыда тауда серуендеген 11 жастағы қыз жансақтауға түсті
Astana.tv

Алматыда тауда серуендеп жүрген 11 жастағы қызды белгісіз жәндік немесе жануар шағып, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер баланы жылан шаққан болуы мүмкін деп болжап отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлауынша, оқиға 19 қыркүйекте болған. Қыз тауда серуендеп жүрген кезде бірдеңе шағып алған. Ата-анасы оның нақты неден зардап шеккенін анықтай алмаған.

Бала Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Дәрігерлер оның көз маңынан ісіну, әлсіздік пен ұйқышылдықты, сондай-ақ сол аяғындағы шаққан жердің ісінгенін анықтаған. Осыдан кейін қыз жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылған.

Мамандар баланы нақты сұр жылан шаққанын растамағанымен, мұндай болжамды жоққа шығармайды. Басқарма мәліметінше, бұл Алматыда жылан шағу бойынша тіркелген алғашқы жағдай болуы мүмкін.

Улы жылан шағу қаупін ескере отырып, қызға жыланға қарсы сарысудың бір дозасы енгізілген. Ведомство сарысу Өзбекстаннан арнайы алдырылмағанын атап өтті. Қажетті препарат бала ауруханаға түскен кезде стационарда болған және қазір де бар.

Сарысу енгізілгеннен кейін баланың жағдайында оң динамика байқалған. Қазір оның жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында және қажетті ем алып жатыр.

Мамандар сарысудың қосымша дозасы баланың клиникалық жағдайына және ем динамикасына қарай ғана енгізілетінін түсіндірді.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыланға қарсы қажетті сарысу Алматыдағы медициналық ұйымдарда, соның ішінде травматологиялық пункттерде де бар.