Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 33 адам қаза тапты

Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 33 адам қаза тапты
сурет ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда электрсамокаттар мен басқа да жеке мобильділік құралдарын пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. 2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Бұл туралы Бас прокуратура ескертті, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған.

Сонымен қатар велосипедшілердің кінәсінен – 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен – 97, ал электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған.

Осы оқиғалардың салдарынан 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.

Электросамокат пен басқа да екі дөңгелекті көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол апаттарынан зардап шегуде. Жыл басынан бері электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кеткен 145 жағдай, мопед жүргізушілерін қағып кеткен – 82, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кеткен 52 жағдай тіркелген. Нәтижесінде төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам жарақат алған.

Электросамокат жүргізушілеріне қандай талап қойылды?

Енді электрсамокатпен:

  • тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге болмайды;
  • велосипед жолы немесе велосипед жолағы болса, қозғалыс тек солар арқылы жүзеге асырылады;
  • олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.

Ал электрсамокатпен жүріс бөлігінде тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдар ғана қозғала алады.

Мопед жүргізушілері жолдың жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал самокат, велосипед және мопедпен жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде жүргізушілер көліктен түсіп, оны қасынан жетектеп өтуі керек.

Сондай-ақ жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.

Бас прокуратура адамдар көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен жүрудің аса қауіпті екенін еске салды. Әсіресе балалар, қарттар және балалар арбасымен жүрген ата-аналар қауіпке жиі ұшырайды.

Ведомство ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретіп, самокат пен велосипедті пайдалануын бақылауға шақырды.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, самокат, велосипед немесе мопед адамды жолдағы қауіптен қорғамайды. Сондықтан жолдағы қауіпсіздік әрбір қозғалыс қатысушысының жауапкершілігінен басталады.