2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында республикадағы концерт ұйымдары 2966 мәдени іс-шара өткізіп, оларды 1 752 940 адам тамашалады. Концерттер, гастрольдер мен шығармашылық жобалар еліміздің ірі қалаларымен қатар, өзге өңірлерінде де ұйымдастырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бүгінде елімізде 35 концерт ұйымы жұмыс істейді, оның 7-еуі республикалық деңгейде қызмет етеді. Мәдени ұйымдар ұлттық өнерді насихаттап, шығармашыл ұжымдарды ел арасында кеңінен танытып келеді.
Алғашқы жартыжылдықтағы ауқымды мәдени жобалардың бірі – «Халық әуені» концерттік-гастрольдік туры. 21-23 мамыр аралығында өткен жоба еліміздің 17 өңірін қамтыды. Үш күн ішінде шалғай аудандар мен ауылдық елді мекендерде 51 концерт ұйымдастырылып, оларды 20 мыңға жуық адам тамашалады.
Жоба аясында халық әндері, симфониялық музыка, заманауи эстрада, мюзикл және хореографиялық қойылымдар көпшілікке ұсынылды. Көрерменге республикалық жетекші шығармашылық ұжымдар, «Қазақконцерттің» өнерпаздары, оркестрлер, би ансамбльдері, опера солистері мен дәстүрлі өнер өкілдері өз шығармашылығын паш етті.
Жоба тек концерттік бағдарламамен шектелмей, шығармашылық жүздесулермен де жалғасын тапты. Өңірлерде ұйымдастырылған 8 кездесу мен шеберлік сабағында көпшілік танымал өнер иелерімен жүздесіп, олардың шығармашылығымен танысты. Жас өнерпаздар үшін бұл кездесулер тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдайтын тағылымды алаңға айналды.
Алғашқы жартыжылдықта ел ішіндегі гастроль аясында 39 концерт ұйымдастырылды. Оларды 17 012 көрермен тамашалады. Концерттер Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Алматы, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында өтті.
Жыл басынан бері концерт ұйымдары көрерменге мерейтойлық кештерден бастап, фольклорлық, академиялық және заманауи бағыттағы сан алуан шығармашылық жобаларды ұсынды. Олардың қатарында «FLOW/АҒЫН», «Өмір – қазына», «Отан ана», «Адам дауысы» монооперасы, жасанды интеллект технологиясы қолданылған «Әуенге айналған сезім» концерті және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің FOLK SHOW NAURYZ секілді жаңа жобалары бар.