Жұмыстан заңсыз шығарылған оралдық қызметкер 2,6 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды

Жұмыстан заңсыз шығарылған оралдық қызметкер 2,6 млн теңгеден астам өтемақы өндіріп алды
ашық дереккөз

Оралда жұмыс орнында үш сағаттан астам болмағаны үшін жұмыстан шығарылған қызметкер сот арқылы қызметіне қайта оралды. Жұмыс беруші оған 2,3 млн теңгеден астам орташа жалақы мен 350 мың теңге заңгерлік шығын төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ult.kz.

Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, жұмыс беруші қызметкерді тәртіптік жаза қолданар алдында жазбаша түсініктеме беруді талап етпеген. Бұл — еңбек заңнамасында көзделген міндетті рәсім.

Сот жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, ер адамды бұрынғы қызметіне қайта орналастырды. Сонымен қатар оның пайдасына 2 315 515 теңге мәжбүрлі жұмыссыз жүрген уақыты үшін орташа жалақы және өкілдің қызметіне 350 мың теңге өндірілді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.