«Зорлады деп арыз жазамын»: Ақтөбеде бопсалауға күдікті әйел қолға түсті

«Зорлады деп арыз жазамын»: Ақтөбеде бопсалауға күдікті әйел қолға түсті
polisia.kz

Ақтөбеде бопсалау дерегі бойынша 33 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктіні 100 мың теңге алып жатқан сәтте қолға түсірген.

Тергеу мәліметінше, жәбірленуші әйелмен TikTok әлеуметтік желісі арқылы танысқан. Кейін екеуінің арасында жақын қарым-қатынас орнаған.

Алайда арада біраз уақыт өткен соң әйел ер адамнан ақша талап етіп, талап орындалмаған жағдайда оны зорлады деген жалған арыз жазатынын айтып қорқытқан.

Жәбірленушінің айтуынша, осы қысымның салдарынан ол күдіктіге алғашында 300 мың теңге берген. Кейін әйел тағы 100 мың теңге талап еткен. Кезекті ақшаны алу кезінде ол полиция қызметкерлеріне ұсталды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің бопсалау бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды қорқытып ақша немесе мүлік талап ету ауыр қылмыс саналатынын ескертіп, мұндай жағдайға тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласуға шақырды.