Премьер-министр Олжас Бектенов жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін такси қызметін реттеуге қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ult.kz.
Үкімет отырысында жол қауіпсіздігі мәселесі қаралып, такси агрегаторларының қызметін бақылауды күшейту, жүргізушілерді іріктеу талаптарын қатаңдату және жолаушылар тасымалын ретке келтіру мәселелері талқыланды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, такси қызметіне жүргізушілерді қабылдау кезінде олардың тәжірибесі мен жолдағы тәртібіне ерекше назар аудару қажет.
«Жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережелерін жиі бұзған адамдар такси саласында жұмысқа қабылданбауы тиіс», – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ такси көліктерінің техникалық жағдайын бақылау және жүргізушілердің белгіленген жұмыс уақытынан артық жұмыс істеуіне жол бермеу қажеттігі айтылды.
Осыған байланысты Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді.
Көлік министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекеменшік такси қызметін реттеуге қатысты қосымша шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл ретте көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптар нормативтік құжаттарда нақты белгіленуі керек.
Ішкі істер министрлігіне заңсыз жолаушылар тасымалдаушыларын анықтау бойынша жұмысты тұрақты жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар әр өңірдегі жол-көлік оқиғаларына тұрақты талдау жүргізіліп, апат көп болатын учаскелерде бақылауды күшейту қажет.
Төтенше жағдайлар министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жолдардағы апат жағдайларын ескере отырып, кейбір медициналық-құтқару бекеттерінің орналасуын қайта қарау тапсырылды.
Ал Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктерге оқушыларды білім беру, мәдени және спорттық іс-шараларға тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің алып жүруін қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Сонымен қатар жол қозғалысы және қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру және бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.