Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында Halyk Arena госпиталінде дайындық қалай жүріп жатқанын жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әкім жалпы қаладағы инфекциялық және провизорлық ауруханаларға қосымша орындар ұйымдастыру туралы жазды.
«Қаладағы жұқпалы және провизорлық стационарлар үшін қосымша ашылуға тиіс орындардың ұйымдастыру барысымен таныстым. Halyk Arena-да 1 мың орынға арналған стационар ашылады. Соның ішінде реанимациялық 60 орын ашылады. Дайындық барысында санитарлық қауіпсіздіктің ең қатаң талаптары ескеріледі. Таза және лас аймақтарға арналған шлюздер мен туннельдер, желдету және залалсыздандыру жүйелері орнатылды. Кезең-кезеңімен медициналық жабдықтар орнатылады. Дәрігерлік бригадалар дайындалуда. Жақында арада бұл жер алғашқы пациенттерді қабылдайды», - деді Б. Сағынтаев.

«Қабылданған шаралардың арқасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қажетті орындар резерві құрылатын болады», - деді ол.
Бүгінде Алматыда қауіпті індетті жұқтырған науқастарды емдеу үшін 4 669 орынға арналған 21 медициналық ұйым жұмыс істейді.


