Жезқазғанда ішінде төрт жасөспірім болған BMW электр бағанасына соғылып, 13 жастағы бала қаза тапты. Тағы екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
«Астана» телеарнасының мәліметінше, жол апаты Шолохов көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.
Оқиға кезінде көлікте 13, 16 және 17 жастағы төрт жасөспірім болған. Соққы салдарынан 13 жастағы бала алған жарақатынан жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Қаза тапқан жасөспірімді көліктен шығару үшін төтенше жағдайлар қызметкерлері тартылды. Оқиға орнына ТЖД-ның 9 қызметкері мен екі арнайы техникасы барған.
Көліктегі тағы екі жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу басталды. Құқық қорғау органдары апаттың мән-жайын, көліктің кімге тиесілі екенін және жасөспірімдердің көлікке қалай отырғанын анықтап жатыр.